Қазақстан • 03 Қазан, 2018

Алматыда есірткі айналымын мониторингілеу орталығы ашылады

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Орталық Азияда есірткі таратпаудың алдын алу бағдарламасына (CADAP 6) орай ІІ Халықаралық аумақтық конференция жүріп жатыр

Алматыда есірткі айналымын мониторингілеу орталығы ашылады

Конференцияға аумақтығы бес республиканың Ішкі істер министрлігінің тікелей есірткіні бақылауға алған департаменттерінің, денсаулық сақтау министрлігінің наркологиялық-емдеу орталықтары мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері,  сондай-ақ бірқатар шетелдік мәртебелі маман-меймандар қатысуда.

Екі күнге созылатын кеңестің алғашқы сағаттарында Қазақстанда жаңадан пайда болған синтетикалық есірткіні пайдалану мен оны емдеу үлгілері, наркологиялық есепке тіркеудің халықаралық инновациялық  талаптары мен шешімді жолдары, нашақор-науқастың емделуге қолжетімділігі секілді мәселелер талқыға салынды.  Осы орайда  негізгі баяндама жасаған Чех Республикасынын келген есірткі жөніндегі үйлестіруші-маман Йиндрих Воборил мен CADAP Бағдарламасының жетекшісі Эрнест Робеллоның, Ұлттық Бағдарлама стратегиясының белсендісі Джон-Питер Кулстің (Нидерланды) сөздері тартымды шықты.  Онда қоғамдық дертпен күресудің сан қырлы жолдары мен әдістеме-тәсілдері ашып көрсетілді. Профилактикалық-иновациялық қозғалыстарға барша азаматтарды жаппай тарту  мәселелері айтылды.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымына бақылау жасау жөніндегі департаментінің жауапты өкілі Иван Добрышин есірткіге қарсы жүргізілетін негізгі шаралар мен мониторинг жасаудың еуропалық тәсілдері Қазақстан аумағында талаптағыдай жүзеге асып жатқанын атап өтті.

–Біздің мамандарымыз Амстердамдағы Trimbos институтында болып, нидерландық әріптестердің ұлттық мониториг жасау орталығының қызметімен танысты, кеңінен зерттеді, – деді Добрышин. – Соның игілікті нәтижесі болар таяу мерзімде дәл сондай мониторингілеу орталығы біздің елімізде де ашылады.

Орталық Азия елдерінде есірткінің  таратуға тосқауыл қою жөніндегі бағдарламаның Еуроодақтың осы саладағы салалық жобасына тікелей қатысы бар. Нидерланды, Чех Республикасы, Польша мен Германия мемлекеттері секілді халықаралық ынтымақтастық аясындағы бағдарламаға ЕО қаржылай қолдау көрсетіп келеді.

Жиынға қатысушылар түстен кейінгі мәжілісінде денсаулық сақтау мен есірткі қауіпсіздігі тақырыбында кеңейтілген отырыс жасайды. Елімізде пайда болған жаңа синтетикалық есірткіні пайдаланудың аса күрделілігі мен қазіргі тағдағы сандық өсімі, оны жағаша емдеу үлгілері туралы Қазақстан дәрігерлері ойларын ортаға салады.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы